Бас прокуратурада а.ж. бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті
Бас прокуратурада облыстардың және оларға теңестірілген аумақтардың прокурорларының қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн-қосылуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Отырыста ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы прокуратура органдарының қадағалау қызметінің қорытындылары шығарылды.
Бас Прокурор Б. Асылов құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіруге, азаматтардың конституциялық құқықтарын, сондай-ақ адал бизнес пен мемлекеттің мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып, «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға баса назар аударды.
Кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалауды жою қажеттілігі ерекше атап өтілді. Бас Прокурордың тиісті нұсқауынан кейін 2022 жылдан бастап мұндай фактілердің саны тұрақты түрде азайып келеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Азаматтық істер бойынша мемлекеттік органдардың иневсторларға қарсы талаптарының саны 25%-ға, бизнеске қатысты тіркелген қылмыстық істердің саны үш есеге қысқарды.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығы атап өтілді. Ұйымдастырушылық және құқықтық сипаттағы шаралар қабылданды, осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.
Басым бағыттардың қатарында – қадағалауды цифрландыру.
Бас прокуратура әзірлеген жасанды интеллект элементтері бар «Цифрлық қадағалау» бағдарламасы құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын іске асырудың тиімді құралына айналды.
Бағдарлама деректер мен болжамды талдауға негізделген проактивті форматқа көшуді көздейді. Бұл үдерісте Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қоғамдық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді ерте анықтау мен алдын алудың аналитикалық және технологиялық орталығы ретінде шешуші рөл атқаруы тиіс.
IT-шешімдердің арқасында қылмыскерлер мен борышкерлерді іздестіру жұмысы жақсарып, олардың саны 2,5 мыңға қысқарды.